Іле Алатауында адасып кеткен 65 жастағы ер адам құтқарылды
ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - Іле Алатауында адасып, тоңып қалған 65 жастағы ер адамды құтқарушылар құтқарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
1955 жылғы азаматтың жоғалғаны жөнінде хабарлама сағат 00:30 шамасында түскен.
2020 жылдың 9 желтоқсанында республикалық жедел-құтқару жасағының кезекші бөліміне Шымбұлақ курорты Медеу ауданында 3000 метрден астам биіктікте, Шымбұлақ өзенінің бойында 1955 жылы туған ер адам адасып кетті деген хабарлама келіп түсті.
«Ер адам «Малая кругосветка» бағытына қарай жүрген. Алайда, жауған қардың биіктігі 1 метр және тасты жолдан өту қиын болғандықтан, ол жолдан шығып кеткен. Жолда өздігінен жүре алмай, тоңып, әлсіреп қалған. Осы сәтте адасқан адамға құтқарушылардың көмегі қажет болды» делінген құтқару жасағы таратқан хабарламада.
Оқиға орнына шұғыл түрде 6 құтқарушы, соның ішінде ит ерткен республикалық жедел-құтқару жасағының жедел тобы жолға шықты.
Құтқарушы топ қар басқан, шалғай ойлы-қырлы жерлерден өтіп, бір сағат ішінде қатты гипотермия белгілері бар зардап шеккен адамды тапты.
Оған алғашқы медициналық және психологиялық көмекті көрсетті.
Ведомствоның мәліметінше, қатты тоңып қалған ер адамға құтқарушылар ыстық шай, жылы киім берген. Мамандар оған шұғыл көмек көрсетіп, оны қауіпсіз жерге жеткізді.
Адасқан адамның жағдайы бірқалыпты.