Іле Алатауында жарақаттанған ресейлік альпинист құтқарылды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматылық құтқарушылар қазақстандық альпинистермен бірге Іле Алатауында жарақаттанған ресейлік қызды құтқарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Алматы қаласы құтқару қызметіне» сілтеме жасап.
Алматыдағы құтқару қызметінің «109» нөміріне 16:16-да ресейлік альпинист қыздың Кіші Алматы шатқалынан түсіп келе жатқанда аяғынан жарақаттанғандығы туралы қоңырау шалынған. Оған өздігінен қозғала алмағандықтан құтқарушылардың көмегі қажет еді.
Бойжеткеннің жанында ҚР альпинизм және құзға шығу федерациясының кәсіби альпинистері болған. Олар зардап шегушіге алғашқы жедел жәрдем көрсеткен және альпинистерге арналған құрылғының көмегімен Мәншүк Мәметова көлінен төмен түсірген. Онда күтіп тұрған «109» құтқарушылары жарақаттанған қызды жедел жәрдем көлігіне жеткізді.