Іле Алатауындағы орманды қалпына келтіруге жұмсалатын қаражат 57,8 млн. теңгені құрайды
АСТАНА. 2 қыркүйек. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Ағымдағы жылдың 17 мамыр күні орын алған дауыл салдарынан Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғат паркіндегі орманды қалпына келтіруге жұмсалатын шығын 57,8 млн. теңгені құрайды.
Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметінен хабарланды.
Ағымдағы жылғы 2 қыркүйектегі жағдай бойынша 25 га аумақ желден құлаған ағаштардан тазартылған. Ал таудан 6253 текше метр кесілген ағаштар түсірілді. Жалпы, аумақты дауыл қиратқан ағаштардан тазарту жұмыстарына тау жағдайында жұмыс істеуде мол тәжірибе жинақтаған білікті мамандар ғана тартылып отыр.
«Орман қорының дауыл бүлдірген аумақтарындағы ормандарды қалпына келтіру жұмыстарының көлемі 80 гектарды құрайды. Оның ішінде 10 гектар жерге ірі көлемде отырғызу материалдарын (биіктігі 1 метрге дейін) және 70 гектар жерге Шренка шыршасының 4 жасар екпелерін отырғызу қажет. Сонымен қатар, дауыл бүлдірген мемлекеттік орман қоры учаскелерінде ағаш отырғызу жұмыстарын 2012-2014 жылдары, оның ішінде 2012 жылы - 30 гектарға, 2013 жылы - 30 гектарға және 2014 жылы - 20 гектарға отырғызу жоспарлануда. Бұл ретте ормандарды қалпына келтіруге жұмсалатын шығындар 57,8 млн. теңгені құрайды», - делінген баспасөз айғағында.