Іле-Балқаш резерватына алғашқы жолбарыстарды қашан әкеледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жолбарыстарды Ресей жерінен алып келмекші. Алайда оған дейін Іле-Балқаш резерватында осы жануарларға қорек болатын ортаны қалыптастыру қажет, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Іле-Балқаш резерватына алғашқы жолбарыстарды қашан әкеледі

QazaqGeography басқарушы кеңесінің төрағасы Қанат Байғариннің айтуынша, алғашқы жолбарыстарды үш-төрт жылдан кейін алып келуі әбден мүмкін. «Негізі, Ресейдің Амур жолбарысы біздің климатымызға да, Тұран жолбарысының тұқымына да жақын келеді. Сол себепті жолбарыстың дәл осы түрін Қазақстанға алып келу мәселесі ұйғарылды. Ресей жағы қазір-ақ беруге дайын. Бірақ ол үшін резерваттың территориясын ғана емес, сол жолбарыстарға қорек болатын ортаны да дайындап қоюымыз қажет. Шамамен, 2021 жылы Қазақстанға алғашқы жолбарыстарды әкеледі», - деді Қ.Байғарин ҚазАқпарат тілшісіне берге сұxбатында.

Ғалымның айтуынша, алдымен Іле-Балқаш резерватының территориясы толығымен қоршалады. Қорықшылар бекеттері орнатылады. Одан кейін қабан, марал сияқты жануарларды көптеп әкелу керек. «Осылайша, алдымен жолбарыстарға қажетті қорек базасы жасалады. Соған қарай жолбарыстардың популяциясы да реттеледі», - деп атап көрсетті Қ.Байғарин.

Айта кетейік, биылдан бастап Қазақстан Үкіметі Тұран жолбарысын қазақ жеріне қайтаруға қатысты шараларын қаржыландыруға кірісті. «Бастапқыда резерваттың территориясын зерттеу жұмыстары жүргізілді. Оған қоғамдық ұйымдардың қыруар қаражаты жұмсалды. Қазақстанның географиялық қоғамы да атсалысты. Біз резерват территориясын xалықаралық сараптау шараларына қолдау жасадық. Әрине, басты міндет - мемлекетті тарту. Себебі мемлекет болмаса, аталған бастаманы іске асыру мүмкін емес. Білуімше, биыл республикалық бюджеттен 120 млн теңге бөлінді. Ол ақша резерват территориясын жасақтауға жұмсалады», - дейді Қ.Байғарин.


Фото: greatcats.ru/