Іле өзеніне бұқаралық назар аударту - табиғат қорын сақтау ісіндегі елеулі үлес екені сөзсіз - М.Елеусізов
АЛМАТЫ. Ақпанның 10-ы. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Бүгін Алматыда Халықаралық 10-шы Іле-Балқаш және 5-ші «Балқаш жүлдесі» желкенді кеме жарыстарын ұйымдастыруға арналған баспасөз мәслихаты өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Балқаш көлін сақтау Қазақстан және бүкіл Орталық Азия аймағы үшін басты мақсат. Экологтардың айтуынша, қазіргі таңда көлге жойылып кету қаупі төніп тұр және одан болатын зардап Арал теңізінен де зор болуы мүмкін.
«Іле өзеніндегі және Балқаш көліндегі экологиялық мәселелердің маңыздылығын түсіне отырып, «Табиғат» экологиялық одағы 1-ші «Тірі Балқаш» деген Іле-Балқаш кеме жарысын өткізген болатын. Жарыстың негізгі себебі - ҚХР-да салынған жаңа гидроқұрылыстар мен ауылшаруашылық дақылдарына салынған су көлемінің ұлғаюынан Іле көлемінің азайып жатқанына назар аударту.
Аталмыш кеме жарысы Іле-Балқаш өңірінің жаңа мүмкіндіктерін ашатын туризм саласындағы мықты туристік слет-фестиваль түріне айналу үстінде. Келешекте кеме жарысы туризм өміріндегі Олимпиадаға айналуы міндетті», дейді «Табиғат» Қазақстан кәсіпорындары мен қауымдастықтары экологиялық одағының төрағасы Мэлс Елеусізов.
Сондай-ақ ол жақында ҚР Президентінің қабылдауында болып, еліміздегі экологиялық мәселелерді талқылағандығын және экологиялық ахуалдар жайында Елбасы мұқият тыңдағандығын, қолдан келгенше шаралар жасалатындығын жеткізді.