Ілеспе газдарды жою бағдарламасын тоқтатқан уәкілетті орган мен мұнай өңдеуші компаниялар жауапқа тартылуы тиіс ? М. Итеғұлов
АСТАНА. Наурыздың 25-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Ілеспе газдарды жою бағдарламасын тоқтатқан уәкілетті орган мен мұнай өңдеуші компаниялар жауапқа тартылуы тиіс. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған депутат Марал Итеғұлов осылай мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Үкіметке Энергетика және минералдық ресурстар министрі С. Мыңбаев, Салық кодексіне енгізілген ілеспе газдарды ауада жаққаны үшін мұнай өндіруші компаниялардың жауапкершілігін қарастыратын норманы тоқтата тұру туралы өтініш жасапты. Әйтпесе, министрдің айтуынша, мұнай өндіру төмендеп кетуі мүмкінге ұқсайды. Бұл ойланатын мәселе. Жалпы, бір топ депутаттар бұндай бастамамен Салық кодексіне өзгеріс енгізбегенде, онда газ тегіннен-тегін ауада жағыла беретін еді. Екіншіден, тіпті осындай түзетулерге қарамастан компаниялар үшін салықтық ауыртпашылық айтарлықтай төмендеді. Сонымен бірге, 2006 жылы Үкімет Парламентке «Мұнай туралы» заңды ұсынған болатын. Сол уақытта, ілеспе газдарды кәдеге жарату немесе жою мерзіміне қатысты мәселе туындап, Энергетика және минералдық ресурстар министрлігі 2009 жылы елімізде ілеспе газдарды жағу толық жойылатыны туралы хабарлама жасаған еді. 2007 жылы да бұл туралы мәселе көтерілгенімен, тиісті шаралар жасалмай отыр», деді депутат. Оның айтуынша, бүгінгі күнге дейін, Ақтөбе облысындағы «Қазақойл Ақтөбе» компаниясы ілеспе газды жою мәселесінде «шөп басын сындырмаған».
«Егер аталған министрлік өз сөзінде тұрып, заң бұзушыларға қарсы уақытылы шаралар қабылдаса, онда мұндай мәселе күн тәртібінде тұрмайтын еді. Мұнай не үшін өндіріледі? Әрине, мемлекеттің өсіп, өркендеуі үшін өндіріледі. Бірақ, денсаулығы төмен халық қалай өркендемек. Сондықтан да, Үкімет басшысынан ілеспе газды жою бағдарламасын тоқтатқан және «Мұнай туралы» заңды бұзған уәкілетті орган мен мұнай өндіруші компаниялардың жауаптылығын қарауды сұраймын», деді М. Итеғұлов.