Ильфат Абдуллин Словениядағы халықаралық турнирдің жеңімпазы атанды
АСТАНА. KAZINFORM — Словенияның Камник қаласында өткен садақ атудан «Veronica’s Cup» халықаралық турнирінде ересектер санатында Қазақстан команда қос жүлдеге қол жеткізді, деп хабарлайды Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
Классикалық садақ атудан ерлер арасындағы финалда Ильфат Абдуллин Үндістан спортшысы Сачин Гуптаны жеңіп, алтыннан алқа тақты.
Ал құралмалы садақпен атудан командалық сында Қазақстан әйелдер командасы үздік үштікті түйіндеді. Ел намысын Виктория Лян, Роксана Юнусова мен Адель Жексенбинова қорғады. Отандастарымыз кіші финалда Люксенбург ұжымынан басым түсті.
Айта кетейік, дәстүрлі бәсекеге биыл 30-ға жуық мемлекеттен 330-дан астам мерген қатысты. Кеше U18 және U21 жас санатында Қазақстан спортшылары бірнеше жүлдеге ие болды. Осының нәтижесінде Қазақстан командасы жалпыкомандалық есепте Италиядан кейінгі 2-орынға тұрақтады.
Осыдан бұрын Түркістанда садақ атудан Қазақстан кубогының кезеңі басталғанын жаздық.