ILO Халықаралық еңбек ұйымының басшысы Жильбер Унгбо Қазақстанға алғаш рет келді
АСТАНА. KAZINFORM – Астанада өткен PARYZ cъезінде ХЕҰ басшысы Қазақстандағы ірі жұмыс берушілер алдында сөз сөйледі.
Жильбер Унгбо жұмыс берушілер конфедерациясының тәуелсіздігін атап өтті.
«Қазақстандағы жұмыс берушілермен диалогқа түсу – мен үшін үлкен мәртебе. PARYZ жұмыс берушілер конфедерациясының мүшелігіне қатысты ашық көзқарас әсер қалдырды. Жылдам өзгерістерге де таңқалдым. Біз өсіп жатқаныңызды көріп отырмыз. Бірнеше мүшеден бастап Қазақстанның барлық секторларында ұсынылған ірі корпорацияларына дейін».
PARYZ Конфедерациясы – ХЕҰ мойындаған Қазақстандағы жалғыз республикалық жұмыс берушілер бірлестігі. Сондай-ақ Халықаралық жұмыс берушілер ұйымының Қазақстандағы жалғыз серіктес мүшесі. Бүгінде оның құрамына 33 салалық бірлестік пен 150 ірі және орта кәсіпорын кіреді.
Бүгін жұмыс берушілер съезінде 250 мың қызметкері бар «Самұрық-Қазына» қорының компаниялар тобы PARYZ конфедерациясына қосылды.
«Біз трипартизмге сенеміз. Мұны күшейту керек. Біз ХЕҰ-мен Қазақстанда трипартизмді нығайту және дамыту үшін PARYZ-бен жұмысты жалғастыруға дайынбыз. Бүгін біз PARYZ бен «Самұрық-Қазына» қоры арасындағы маңызды меморандумның куәсі болдық. Бұл меморандум – жұмыс берушілердің елдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы рөлін күшейтуге негіз», - деп атап өтті Жильбер Унгбо.
«Еліміздің Тәуелсіздігінің 32 жылында ХЕҰ басшысы Қазақстанға алғаш рет келіп отыр. Бұл халықаралық ұйымның саясатына көп нәрсе байланысты. Унгбо мырзаның сапары біздің Үкімет, қазақстандық кәсіподақтар және PARYZ Конфедерациясы арасындағы жоғары сапалы үшжақты диалогқа серпін беретініне сенімдімін. Оның жаһандық аренадағы еліміз туралы жеке ұстанымы мен пікірі өте маңызды», - деді PARYZ жетекшісі Жұмабек Жанықұлов.