Илон Маск компаниясы Қазақстан ауылдарындағы 2 мың мектепті интернетке қосады

SpaceX компаниясы Қазақстан ауылдарындағы 2000 мектепті интернетпен қамтамасыз етеді. Кazinform бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.

ауылда интернет жоқ
Фото: интернеттен

«Алдын ала келісім бойынша Starlink компаниясымен SpaceX технологиясының көмегімен ауылдағы 2000 мектепті интернетке қосу жоспарланып отыр.

Бүгін Digital bridge форумының алаңында SpaceX Starlink бизнес-операциялары жөніндегі директоры Лорен Дрейер Қазақстандағы 2000 ауылдық мектепке жоғары жылдамдықты интернетті қосу бойынша ынтымақтастықты ұсынды.

Уағдаластықтардың келесі кезеңдері туралы қосымша хабарланатын болады», - делінген министрліктің баспасөз қызметі ұсынған мәліметте.

Айта кетейік, Digital bridge форумы аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев SpaceX компаниясының Starlink мәселелері жөніндегі вице-президенті Лорен Дрейермен кездесті. Л. Дрейер StarLink компаниясының Қазақстандағы қызметін кеңейту жөніндегі жоспары, атап айтқанда, еліміздің шалғай ауылдарын спутниктік интернетпен қамтамасыз ету жобасы туралы айтты.

Сондай-ақ бүгін белгілі болғандай, елімізде жұмысқа қағаз анықтамасыз орналасу мүмкіндігі жасалады.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің айтуынша, алдағы уақытта QR-кодпен жұмысқа орналасып, еңбек келісімшартына қол қоюға болады.