Илон Маск Марк Цукербергке қарсы жекпе-жекке қызу дайындық үстінде

«Кеше Илон Маскпен бірнеше сағат импровизацияланған жаттығу өткіздім», - деп жазды Массачусетс технология институтының ғалымы Лекс Фридман Twitter-де.
Фридман жаттығу барысынан екі фотосуретпен бөлісті. Кадрлардың бірінде Илон Маск қарсыласының қолын қайырып жатқанын көруге болады. Екіншісінде Маск оны жамбасынан асыра лақтырып жатыр.
«Оның күші, қуаты мен шеберлігіне тәнтімін», - деп жазған Фридман: «Илон мен Маск жекпе-жек өнерімен айналысатыны расымен де шабыттандырады. Дегенмен, екеуі тордың ішінде төбелеспей, жекпе-жек өнерімен айналысса, әлем жақсырақ бола түсер еді», - деп қосты.
Жарияланған фотосуреттерге пікір қалдырған И.Маск: «Бұл көңілді болды!», - деп жазды.
Қос миллиардердің октагонда жекпе-жек өткізуіне қатысты идея 20 маусымда туындаған болатын.
И.Маск пен Meta-ның өзге қолданушылары платформа жайын және Цукербергтің Twitter-ге ұқсас бәсекелес платформа әзірлеп жатқанын талқылауға жиналған еді. Бір мезетте И.Маск Facebook және Instagram әлеуметтік желілерінің иесі – Meta-ның бас директоры Марк Цукербергпен бақталастықты октагонда шешуді ұсынды.
Кейіннен М.Цукерберг бұл ұсынысты қабылдады.
UFC президенті Дана Уайттың сөзінше, қос миллиардер ықтималды жекпе-жекке шынайы кірісіп жатыр. Айтуынша, танымал екі тұлғаның айқасы «әлем тарихындағы ең үлкен жекпе-жек» болуы мүмкін.
«Бұл ақылы көрсетілімдер бойынша барлық рекордтарды орнататын болады. Жігіттер қайырымдылыққа жүздеген миллион доллар жинай алады. Бұл жекпе-жекке көз тігу үшін фанат болудың қажеті жоқ. Барлығы оны көргісі келеді», - деді ол.
Twitter, SpaceX және Tesla иегері Илон Маск ұдайы жаттықпайтынын айтты, алайда «бұрын дзюдо, киокушинкай және ережесіз жекпе-жекпен айналысқанын» жеткізді.
Ал Маркс Цукерберг болса, бір жылдан астам бразилиялық джиу-джитсумен, өзін-өзі қорғау жауынгерлік өнерімен айналысып келеді, тіпті әуесқой турнирде жеңіске жеткен.
И.Маск айқасты Лас-Вегаста, UFC октагонында өткізуді ұсынды. Алайда кездесудің датасы әлі жарияланған жоқ.