Илон Маск Пенсильваниядағы митинг кезінде Дональд Трампты қолдады
АСТАНА. KAZINFORM – X әлеуметтік желісінің иесі Илон Маск сайлауалды жиынға жиналғандарды 5 қарашада өтетін сайлауда Трампты қолдауға шақырды, деп хабарлайды ВВС.
АҚШ Республикалық партиясынан президенттікке үміткер Дональд Трамп 13 шілдеде өзіне қастандық жасаумен аяқталған сайлау науқанын жалғастыру үшін Пенсильвания штатындағы Батлер қаласына оралды.
Митингте онымен бірге X иесі Илон Маск сөз сөйлеп, жиналғандарды 5 қарашада өтетін сайлауда Трампты қолдауға шақырды.
Мұндай сайлауалды шоу Трампқа құбылмалы штаттардың бірі саналатын Пенсильванияда дауыс жинауға көмектесуі керек. Сауалнамаға сәйкес, әзірге мұнда оның қарсыласы, вице-президент Камала Харрис көш басында.
Дональд Трамп сенбі күні Пенсильвания штатының Балтер қаласында өткен митингіде сөйлеген сөзін «Бұрын осында айтқанымдай...» деп бастады.
Оқ өтпейтін әйнек артында тыңдап отырған қолдаушылар бұл әзілге қол соқты. Трамп Батлерге соңғы рет 13 шілдеде, өзіне қастандық жасалған күні келген.
Еске сала кетсек, бұған дейін АҚШ-тың Пенсильвания штатында сайлауалды акциясы кезінде Дональд Трампқа қастандық жасалғанын жазған болатынбыз.
Оның құлағы жарақаттанды, бір митингке қатысушы қайтыс болды, тағы екеуі ауыр жарақат алды. Атқан адамды құпия қызмет өлтірген.
Wall Street Journal басылымы АҚШ республикалық партиясының кандидаты Дональд Трампқа оқ жаудырған 20 жастағы Томас Мэтью Крукс туралы жаңа мәліметтерді ашты.
Пенсильванияда оның қауіпсіздігін снайперлер қамтамасыз етті. Батлердегі митинг кезінде қауіпсіздік шаралары айтарлықтай күшейтілді.
«Америкада Конституция мен демократияны сақтау үшін президент Трамп сайлауда жеңіске жетуі керек. Ол жеңіске жетуі тиіс», - деді Маск.
Ол жиналғандарды дауыс беруге қатысу үшін тіркелуге шақырды.
Илок Маск Батлерде Трампқа жасалған қастандықты «нағыз мінез сынағы» деп атады.