Лаңкестік шабуылдан Ирактың бес сарбазы қаза тапты
АСТАНА. KAZINFORM – Дүйсенбі күні «Ислам мемлекеті» (Қазақстанда тыйым салынған - ред.) содырларының Ирактың шығысындағы армия бекетіне жасаған шабуылынан бір қолбасшы мен төрт сарбаз қаза тауып, тағы бесеуі жарақат алды, деп хабарлады Reuters.
Басылымның Ирактің қауіпсіздік көздеріне сілтеме жасап хабарлауынша, шабуыл Ирак 2017 жылы экстремистік топты түпкілікті жеңгенін жариялағаннан кейін бірнеше жыл өткен соң содырлар белсенділігінің ошағы болып қалған ауылдық аймақтар – Дияла мен Салах ад-Дин провинцияларының арасында жасалған.
Ирактің Қорғаныс министрлігі өз мәлімдемесінде полковник пен «лаңкестік шабуылға жауап беру нәтижесінде полктің бірқатар қаһарман мүшесінің қазасын» жоқтап жатқанын мәлімдеді.
Хабарланғандай, қауіпсіздік күштері шабуылға тойтарыс берген, бірақ құрбан болғандар көп болды.
«ДАИШ ұйымының (Қазақстанда тыйым салынған - ред.) мүшелері Салах ад-Диндегі Әл-Дор аймағына қарасты Метебижде шейх Мұхаммед кентіндегі 21-ші жедел қолбасшылықтың 91-ші дивизиясы 2-ші бригадасының бақылау-өткізу пунктіне шабуыл жасады», - деп хабарлады Shafaq News Ирактың қауіпсіздік өкілдеріне сілтеме жасап.
Ирак басылымының мәліметінше, лаңкестік әрекеттен Ирак армиясы бригадасының командирі мен төрт сарбаз қаза тауып, тағы сегізі жарақат алды.
Иракта 2003 жылы АҚШ бастаған халықаралық басқыншылық пен одан кейінгі жылдардағы қанды дінаралық қақтығыс хаосынан кейін соңғы жылдары салыстырмалы тұрақтылық орнады.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, қазір Бағдад «Ислам мемлекетін» (Қазақстанда тыйым салынған - ред.) талқандауға көмектескен. Бірақ кейін елде әскери кеңесшілер түріндегі қатысуын сақтап қалған АҚШ бастаған халықаралық коалицияны ығыстыруға тырысып жатыр.