Имамдар Бас мүфтидің қолынан дипломдар алды

«Бас мүфти Институттың жұмысымен, оқу бағдарламасымен танысып, имамдардың білімі мен біліктілігін арттыра түсуді тапсырды. Кездесуде ғимарат жанынан салынатын қосымша құрылыстың жобасы талқыланды»,-делінген ҚМДБ баспасөз қызметінің мәліметінде.
ҚМДБ төрағасы Ержан қажы Маямеров ислами ілім ошағын аралап шыққаннан кейін дін қызметкерлеріне дипломдарды табыстау салтанатты шарасына қатысты. Оқу ордасының 23-тобы, яғни еліміздің әр аймағынан келіп, ілімдерін жетілдірген 31 имам-молда Бас мүфтидің қолынан дипломдар алды. Оқуда белсенділік танытып, озат болған үздік шәкірттер алғыс хаттармен марапатталды.
«Ислам - тал бесіктен жер бесікке дейін ілім алуға үндейтін білім діні. Дін жолы қиын да ауыр жол. Шыдам мен сабырлылықты қажет етеді. Осындай қиындыққа мойымай, ауылдық жерлерде имамдық қызмет атқарып жүрген молдаларға Алла разы болсын дейміз. Бүгінде елімізде діни ахуал бірқалыпты болғанымен, бізге үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Сондықтан жұмысымызды жандандыра түсіп, халқымызға қызмет етуде табандылық танытуымыз қажет», - деді түлектерге Ержан қажы Малғажыұлы.
2002 жылы ашылған оқу орнында 4 айлық курстан діни дәріс тыңдап, ілімін жетілдірген имам-молдалардың жалпы саны 985-ке жетті.