Имамдарға ақида пәнін жүргізу мәселесі қолға алынды

АСТАНА. 29 наурыз. ҚазАпарат - Имамдарға ақида пәні жүргізіледі. Бұл жайында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының мәліметтерінде айтылған.

Имамдарға ақида пәнін жүргізу мәселесі қолға алынды

«Ақида мәселесі мешітке келуші жамағаттардың арасында талқыланып жүрген басты тақырыптардың бірі десек артық айтқандық емес. Күні бүгін асыл дінімізді әлі де толық түсінбегендіктен пе, жоқ әлде, менмендіктен бе, қалай болғанда да исламдағы ең күрделі, әрі нәзік сала Ақида мәселесін екінің бірі талқылай беретін болды. Бұл жерде біз мәселенің дұрысын бұрысынан ажыратпай жатып, пікір айтатындарды меңзеп отырмыз. Сондықтан, мешіт жамағаттарына дұрыс, яғни «аһлі сүннет уәл-жамағат» ақидасын жеткізу және имамдардың білімі мен біліктілігін артыру мақсатында Атырау облыстық «Иманғали» орталық мешітінде ақида пәні бойынша дәріс басталды. Дәріске Атырау қаласы маңында орналасқан мешіттердің имамдары, наиб имамдар мен ұстаздар қатысады», - делінген онда.

Сабақ барысында бүгінгі таңда екі адамның басы қосыла кетсе ой-көкпарға түсіп, ерекше талқыланып жүрген мәселелер көтеріліп, оларды қалай шешу жағы қарастырылады. Сондай-ақ, ақида пәні бойынша қойылған сұрақтарға Құран және сүннетке негізделген дәлелдермен қалай жауап беру керек екені, басқа да көптеген тақырыптар үйретіледі.