Имантау-Шалқар демалыс аймағына келген туристер саны үш жылда екі есе артқан
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданындағы Имантау-Шалқар курорттық аймағының танымалдығы жылдан-жылға артып келеді. Тек биыл бірегей табиғаты бар аймақты 100 мыңнан астам адам демалу үшін таңдаған.

Айыртау ауданының әкімі Мейрам Меңдібаевтің айтуынша, қазіргі уақытта ауданда тәулігіне 4 мың демалушыны қабылдай алатын 46 туристік нысан жұмыс істейді. Жыл сайын демалыс орындарының саны артып келеді, нәтижесінде биыл жаңадан 224 адам жұмыспен қамтылды.
- Былтырдан бастап 500 млн теңге инвестицияға бес демалыс аймағы жаңғыртылды. Мәселен «Родники» демалыс аймағының жатын корпусы жаңартылды, «Шалқарауылы» демалыс аймағына киіз үйлер тігілді, сондай-ақ «Солнечное ВИП» демалыс аймағында жазғы мейрамхана ашылды.
Тағы тоғыз демалыс аймағында 1,8 млрд теңге инвестицияға аумағы кеңейтілді, қызмет көрсету сапасы жақсарды, - дейді Мейрам Меңдібаев.

Бұрын Шалқар, Имантау көлдеріне демалуға келушілер жолдың нашарлығына жиі шағымданатын. Бұл мәселе де біртіндеп шешіліп жатыр.
- Ауданның инфрақұрылымын және жолдардың сапасын жақсарту мақсатында жұмыс жүргізіліп жатыр. Соңғы жылдары «Солнечное ВИП» демалыс аймағына кіреберіс және «Шалқар су» санаторийіне баратын жолды қоса алғанда, ұзындығы 39,3 км үш автомобиль жолына 1,5 млрд теңгеге жөндеу жүргізілді. Осы жылы 400 млн теңге сомасына «Сокол» сауықтыру орталығына баратын жолдың құрылысы аяқталды.
«Арман», «Тұрпан» демалыс базаларына және «Олимпиец» демалыс аймағына апаратын жалпы ұзындығы 6,4 шақырымға жуық жолдарға асфальт төсеу жұмыстары аяқталды, бұл мақсатқа 369 млн теңге жұмсалды, - дейді аудан әкімі.
Мейрам Меңдібаевтың айтуынша, келесі жылы жұмыс жалғасады, «Бастау», «Черная лагуна», «Горняк», «Переузина», «Заря» демалыс базаларына баратын жолдар жөнделеді.
Бұдан бөлек Никольское ауылындағы «Ботай» мұражай-қорығына, Сырымбет ауылындағы «Айғаным» қонысына жалпы ұзындығы 19 км сапалы жол төсеу жоспарланған. «Ана мен бала үйі» шипажайына кіреберіс жолда жөндеу жұмыстары жалғасады.

Ал өңірдегі екінші танымал демалыс аймағы – емдік қасиеті бар Меңгесер тұзды көлі жергілікті тұрғындар арасында ғана танымал емес, жылда Қазақстанның әр өңірінен және ТМД елдерінен туристер көптеп келеді. Мамлют аудандық әкімдігінің мәліметінше, биыл жазда көлдің денсаулыққа пайдалы суына түсіп, жағасында қыздырынуға 10 мыңнан астам адам келген.
Мұнда да демалушыларға ыңғайлы болуы үшін абаттандыру және инфрақұрылымды дамыту жұмыстары қолға алынған.
Петропавлдағы тарихи нысандардың кейбірі апатты жағдайда тұрғанын жазған едік.