«Импорт» сүттің құрғағы, денсаулықты ұрлады» - республикалық басылымдарға шолу
АСТАНА. 19 шілде. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 19 шілде, бейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
***
Әйелдерде жиі кездесетін сүт безі қатерлі ісігі - қауіпті дерт. Еуропада осы дерттен жыл сайын 350 мың жаңа оқиға тіркеліп, 130 мың әйел көз жұмса, біздің елімізде де сүт безі қатерлі ісігі онкологиялық аурулардың ішінде бірінші орында тұр. Омырау обырымен тіркелген 3 мың әйелдің 1 мыңнан астамы жарық дүниемен қоштасқан. Мамандардың айтуынша, пайда болғаны бірден білінбейтін кеселдің кесірінен көптеген келіншек ауруын асқындырып алады. Осы орайда «Егемен Қазақстан» газетіні тілшісі Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының ғалым-маммологі, медицина ғылымдарының докторы Шынар Талаеваға жолығып, қатерлі ісіктің алдын алуға қарсы қолданылатын шаралар жөнінде айтып беруін сұраған. Сұхбат «Алдын алу керек, сонда өкініш болмайды» деген тақырыппен берілген.
***
«Айқын» газетінің жазуынша, еліміздің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігі алақол компаниялар жуық арада Қазақстанның құрылыс нарығынан қуылады деп уәде берді. «Қазір лицензия берудің жаңа жүйесіне көштік. Бізде тұрғын үй салуға 44 мың лицензия берілген. Бұл барып тұрған бассыздық! Ойлап қарасақ, Қазақстанда үй салғысы келген кез келген азамат барып, лицензия ала берген. Қазір тәртіп күшейтілді. Тәртіп орнатуымыз керек. Құрылыспен айналыспайтын компаниялар рыноктан аласталуы керек. «Бесоба» сияқтыларға бізде орын жоқ!» - депті сәрсенбі күні журналистерге агенттік төрағасының орынбасары Николай Тихонюк. Мақала «Алақол компаниялар аластатылады» деген тақырыппен берілген.
Белгілі теоретик, ғалым Альберт Эйнштейннің тілін шығарып тұрған фотосуретін барлығыңыз көрген шығарсыз. Көрген сәтте теориялық физиканың негізін қалаған ғалымның бұл қылығын түсіне алмай таңғалған да боларсыз. Иә, мұндай дарындар өздерінің жаңа еңбектерімен ғана емес, түрлі қылықтарымен де таңғалдыратын болған. Яғни ғұламалар ірілігімен ерекшеленіп қоймай, ұсақ-түйек әдеттерімен де елден ерек қылық танытатын. Ендеше, дарындардың дара қылықтары жайлы білгіңіз келсе «Айқын» газетінің бүгінгі санын жіберіп алмаңыз.
***
«Алаш айнасы» газетінің бүгінгі санының бас мақаласы «Қызылжар қорықтары қамқорлыққа зәру» деген тақырыппен жарық көрген. Онда Қызылжар өңіріндегі бірнеше табиғи қорықтардың бүгінгі мүшкіл жайы баяндалады. Экологиялық апаттың алдын алу үшін мамандар бұл мәселеге кәдімгідей бас қатырып отыр. «Қызылжардың табиғаты ешкімді де қызықтырмай қоймасы анық. Орманды алқаптарының тоқсан пайызына жуығын мың бұралған қайыңдар алады. Сондықтан да бұл өңірлер ақындардың ауызында ақ қайыңдар өлкесі деп те аталады. Күн ысыған сайын осынау сұлу табиғатқа төнер қауіп те арта түсті. Жыл сайын жаз мезгілінде болатын алапат өрт облыс аумағындағы алты бірдей қорықты мекен ететін аң-құстарға кесірін тигізбей қоймайды», - деп жазады басылым.
Сонымен қатар осы газетте «Импорт» сүттің құрғағы, денсаулықты ұрлады» деген тақырыппен басылған мақалада қазіргі саудадағы құрғақ сүт өнімдерінің адам ағзасына зиян екендігі айтылады. Алайда бұл жағдайға тиісті орындар мән бермей келеді. Аграрлық секторды дамытып, ірі қара малын өсіріп отырған Қазақстан неге өзгенің құрғақ сүтін талғажау етуге мәжбүр. Мақала осы сауалдарға жауап іздейді. «Статистикалық деректерге сүйенсек, жылына біздің бір сиыр 2 мың литр сүт береді екен. Салыстыру үшін айтсақ, әлемдегі ең сүті мол голштин сиырының көрсеткіші - 5-7 мың литр. Жалпы Зеңгі баба тұқымының саны күрт кеміген уақытта отандық санақшыларға сену де қиын», - деп жазады басылым.