Импорттық азық-түлікті отандық өнімге алмастыру мәселесі қашан шешіледі
АСТАНА. KAZINFORM – 19 азық-түлік тауарының ішінде бесеуі бойынша импортқа тәуелділік бар. Бұл туралы Парламент Мәжілісінде сүт фермалары тақырыбын талқылауға арналған жиында ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин мәлім етті.
«Биыл жаңартылған жол картасы аясында 415,6 млрд теңге сомасына 311 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Қазір аталған пулда 145,3 млрд теңгеге 178 жоба пайдалануға берілді. Бұл ретте, 19 азық-түлік тауарының ішінде бесеуі бойынша импортқа тәуелділік байқалып отыр. Құс етіне қатысты 2026 жылға дейін жалпы қуаты жылына 365 мың тонна болатын 388,8 млрд теңге сомасына 31 жобаны іске асыру жоспарланған. Бұл өз кезегінде 90 пайызға дейін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деді А. Бердалин.
Оның айтуынша, шұжық өнімдері бойынша 2026 жылға дейін жалпы қуаты жылына 7,8 мың тоннаға дейін 9 млрд теңгеге үш жоба аяқталады. Осы қадамдар 74 пайызға дейін қамтамасыз етуге жағдай жасайды.
«Ірімшік әрі сүзбеге тоқталсақ, 2026 жылға дейін жылдық қуаты 337,4 мың тонна болатын 300,2 млрд теңге сомасына 124 тауарлық сүт фермасы іске қосылады. Бұл тұрғыда 72 пайызға дейін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ал қант өндіру бағытына тоқталсақ, осы саланы дамытудың 2026 жылға дейінгі кешенді жоспары аясында жалпы қуаты 150 мың тонна дайын өнім бойынша жаңа қант зауытын салу, сондай-ақ жұмыс істеп тұрған зауаттарды жаңғырту жоспарланған. Отандық шикізатта қайта өңдеу есебінен қант өніміне қатысты 93 пайызға дейін қамтамасыз етуге мүмкіндік болады», - деді вице-министр.
Айта кетейік, жақында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің бірінші форумында елдің қант қызылшасына деген сұранысы толықтай отандық өніммен қамтамасыз етілгенін айтты.
Сонымен қатар, Павлодар облысында 14 миллиард теңгеге тауарлы-сүт ферма салынып жатыр.
Биыл маусым айында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров кейінгі бір жылда сүт өнімдерінің импорты артқанын айтты.