Импорттық тауарларға «Қазақстанда жасалған» деген сертификаттар берілген – депутат

АСТАНА. KAZINFORM – Мәжілістің жалпы отырысында отандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында бірыңғай тізілім құру туралы заң жобасы бірінші оқылымда қаралып жатыр.

Нұртай Сабильянов
Фото: Kazinform

— «СТ-KZ» және индустриялық сертификаттар бастапқыда отандық өндірушілерді нақты қолдау үшін құрылды. Оның негізінде мемлекеттік сатып алуға қатысу кезінде преференциялар беріледі, жеңілдіктер мен субсидиялар алуға мүмкіндік жасалады. Алайда, іс жүзінде көрсетіп отырғандай, қазір сертификаттау жүйесі оның сенімділігіне нұқсан келтіретін елеулі бұзушылықтар мен кемшіліктерге тап болып отыр. Жалған өндірістерді тіркеу жағдайлары кездеседі. Мысалы, Атырауда «Исатай мен Махамбет» ескерткішінің орналасқан жеріне өндіріс бар деп сертификат берілген. Талдықорғанда сертификат алған субсент өндіріс орнының мекенжайы ретінде монша кешені көрсетілген, — деді Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов отандық тауар өндірушілердің тізілімін реттеу туралы заң жобасын талқылау барысында. 

Оның айтуынша, деректерді асыра сілтеу және бұрмалау жайттары бар. 

— Импорттық тауарларға, яғни латекс қолғаптары, LG теледидары, жасанды көгалдандыру мен басқа да тауарларға Қазақстанда жасалған деген сертификаттар берілген. Өндіріс орнына қойылатын қарапайым талаптар мен өнім сапасының стандарттарын сақтамау жағдайлары да кездеседі. Мысалы, Алматыда сүт өнімдері санитариялық талаптарға сай келмейтін тұрғын үйде өндіріліп келген, — дейді ол. 

Халық қалаулысы келтірген мәліметке сүйенсек, 2023 жылы Бас прокуратура 206 бұзушылықты анықтады. Сонымен қатар уәкілетті орган жүргізген 42 тексерудің қорытындысы бойынша 40-тан астам әкімшілік іс қозғалды. 

— Бұл проблемалар экономикамызға кері әсерін тигізуде. Салдарынан кәсіпкерлер бәсекелестік мүмкіндігінен айырылады. Мемлекеттік бюджет жалған өндірістерді қолдай отырып, шығынға ұшырайды. Бюджетіміз өзгелердің экономикасына жұмыс істейді. Ең бастысы — бүкіл мемлекеттік қолдау жүйесіне деген сенім азаяды. Бүгін қаралып отырған заң жобасында Қазақстандық тауар өндірушілердің толыққанды тізілімін құру ұсынылады. Бұл мемлекеттік органдар үшін қолжетімді, орталықтандырылған ақпараттық жүйе болады. Жүйе сертификаттау процесінің ашықтығы мен сенімділігін қамтамасыз етеді, сонымен қатар ол ыңғайлы және тегін болмақ, — деп Н. Сабильянов жаңа заң жобасын мақұлдауды сұрап отыр.

Осылайша қазақстандық тауар өндірушілердің тізілімі қолданыстағы 6 тізілімді біріктіреді.

Бұған дейін хабарланғандай, отандық тауар өндірушілердің тізілімі жасалады.

 

Соңғы жаңалықтар