Импорттың төмендеуінен Өзбекстандағы газ құю станцияларының жұмысына шектеу енгізілді
ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Импортталатын көгілдір отын көлемінің төмендеуіне байланысты Өзбекстандағы газ құю станцияларының жұмысына шектеулер енгізіліп жатыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
«Худудгазтаъминот» акционерлік қоғамының мәліметіне сай, шектеулер жергілікті әкімдіктермен келісе отырып енгізілді. Жаңа кесте бойынша Ташкенттегі 78 газ құю станциясы сағат 06:00-23:00 аралығында жұмыс істейді. Ал облыстардағы бекеттер таңғы 05:00-ден кешкі 17:00-ге дейін қызмет көрсетеді.
Энергетика министрлігінен мәлім еткендей, бұл шаралар көршілес елдің газ тасымалдау құбырында болған техникалық ақауға байланысты қабылданып отыр.
- Бұл шектеулер уақытша енгізілді. Қазіргі уақытта газ қысымын қалпына келтіру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр, - делінген ведомствоның хабарламасында.
Кейін Заң шығару палатасының отырысында сөз сөйлеген Энергетика министрі Журабек Мирзамахмудов көршілес елдің көгілдір отын тасымалдау жүйесінде болған ақаудан республикада 6 млн текше метр газ тапшылығы болғанын мәлім етті.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Өзбекстанда газ өндірісі төмендеп барады. Жыл басынан бері көршілес елде 35,5 млрд текше метр газ өндірілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,3%-ға аз. Сондай-ақ, жанармай өндірісі 14%-ға төмендеген еді.
Қоса кетсек, таяуда Ташкент облысының ұстаздарымен кездескен Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев Үстірт өңірінде 6500 метр тереңдікте орналасқан ірі газ кен орны табылғанын мәлім етті.