Инчхон-2014: Бүгін қазақстандық боксшылар шаршы алаңға шығады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Инчхонда өтіп жатқан Жазғы Азия ойындары бел ортасына да келіп жетті. Дәл қазірге дейін, Қазақстан құрамасы 4 алтын, 5 күміс, 12 қола медаль жеңіп алып, жалпы есепте 4-орында келеді. Бірінші орында 44 алтын, 24 күміс, 21 қола олжалаған Қытай құрамасы көш бастап тұр. Екінші орында 22 алтын, 22 күміс, 22 қола медаль жинаған алаң қожайындары болса, үздік үштікті 17 алтын, 22 күміс, 22 қола медалі бар жапондықтар түйіндеп тұр.
Бүгіннен бастап жарыс көрігі тіптен қыза түспек. Олай дейтініміз - бүгін шаршы алаң шеберлері, яғни боксшылар жекпе-жегінің алғашқы айналымы басталады. Қазақстандық жанкүйерлерді қатты қызықтыратын әрі ең көп жүлде күтетін спорт түрлерінің бірі - осы бокс. Кеше аталмыш елде боксшылардың жеребе тарту рәсімі өтіп, біздің боксшыларымыздың қашан және кіммен жұдырықтасатыны белгілі болды.
Олай болса, боксшыларымыз қашан, кіммен жұдырықтасатынына көз жіберіп көрейік:
24 қыркүйек: 60 келі. Берік Әбдірахманов - Мұстафа Алкасбех (Иордания). Алла қалап, Берік иорданиялық Мұстафаны жеңсе, ширек финалда шаршы алаң қожайыны, Лондон Олимпиадасының күміс жүлдегері Сун Чул Ханмен жолы түйісуі мүмкін.
25 қыркүйек: 52 келі. Ілияс Сүлейменов - Чатчай Бутди (Таиланд). Егер Ілияс алғашқы сыннан сүрінбей өтсе, индонезиялық Хулио Бриамен жұдырықтасады. Ал қырғызстандық Азат Үсенәлиев, өзбек Шахобидин Зоиров екінші себетте. Сондықтан Ілияс алғашқы сындардан сүрінбесе, олармен тек финалда кездеседі.
26 қыркүйек: 56 келі. Қайрат Ералиев - Арбаби (Катар). Егер Қайрат Ералиев катарлық боксшыны жеңсе, екінші кезеңде тәжік Асрор Вохидовпен кездесуі мүмкін. Ширек финалда моңғол Тогсцогт Нямбаяр бар.
81 келі: Әділбек Ниязымбетов - Элдин Госсоун (Сирия). Бұл салмақта 12 боксшы өнер көрсетеді. Естеріңізге сала кетейік, Әділбек Инчхонда қазақ туын көтеріп шыққан болатын. Сол үшін оған қойылып отырған талап та ауыр екені белгілі. Ту ұстаған боксшымыз екінші кезеңде Элдин Госсоунды жеңсе, ширек финалда Эхсан Роузбаханимен жолығуы мүмкін. Ал Ойбек Мамазулунов пен Ким Хёнкю екінші себетте қалды.
91 келі: Антон Пинчук - Сергей Паренко (Қырғызстан). Антон бірінші айналымда қырғызстандық Паренкомен жұдырықтасады. Егер қарсыласынан айласын асырса, екінші кезеңде 2013 жылғы Универсиаданың финалисті Рустам Тулагановпен кезігуі мүмкін.
27 қыркүйек: 69 келі. Данияр Елеусінов - Чин Чен Су (Қытайлық Тайпей). Егер Данияр Чин Чен Суды ырқына көндірсе, ширек финалда моңғол Тувшинбат Бямбынмен кездесіп қалуы мүмкін.
28 қыркүйек: 49 келі. Біржан Жақыпов - Мохибулла (Пәкістан). Біржанға жеребе жеңіл түсті. Мықтылардың бәрі екінші себетке түскен. Өзбекстандық Хасанбай Дусматов пен Қытай өкілі Сун Чул Хан алғашқы бәсекеде кездесетін болды. Әлем чемпионы кәріс Шин Жон Хунте де сол екінші себетте қалған.
64 келі: Айдар Әмірзақов - Ермек Сәкенов (Қырғызстан). Айдар алғашқы айналымда Қырғыздың тәжірибелі боксшысы Ермек Сәкеновпен жұдырықтасады. Бұл салмақта негізгі мықтылар екінші топта орналасқан.
29 қыркүйек: 75 келі. Жәнібек Әлімханұлы - Ю Тин Янг (Қытайлық Тайпей). Бұл салмақта 18 боксшы бақ сынайды. Жәнібектің тобында мықтылардан үндістандық Кришан Викас пен қырғыз Азамат Қаныбекұлы бар.
30 қыркүйек: +91 келі Иван Дычко - Энхбаяр Батмунгх (Моңғолия). Иванның салмағында боксшы өте аз. Сондықтан аса ауыр салмақтағы боксшымыз алғашқы кездесуін бірден ширек финалдан бастайтын болды. Қарсыласы - моңғол Энхбаяр Батмунгх.
Әйелдер:
27 қыркүйек:
51 келі. Жайна Шекербекова - Томоко Кугимия (Жапония)
60 келі: Гүлжайна Үббияниязова - Нести Петесио (Филиппин)
28 қыркүйек
75 келі: Марина Вольнова - Ле Ти Нунг (Вьетнам).
Күнсұлтан Отарбай