ИНЧХОН-2014: Қазақстандық боксшы Ілияс Сүлейменов алғашқы қарсыласын айқын басымдықпен жеңді
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Бүгін Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өтіп жатқан 17-ші Азия ойындарында бокс сайыстарының екінші күні басталды.
Қазақстандық былғары қолғап шебері Ілияс Сүлейменов (52 кг) шаршы алаңда тайландық боксшы Чатчай Батдимен кездесіп, оны 3:0 есебімен айқын басымдықпен жеңді, деп хабарлады Қазақстанның бокс федерациясынан.
Енді Ілияс 27 қыркүйек күні кешкі сессияда 1/8 финалда индонезиялық боксшы Хулио Бриамен кездеседі.
Ал ертең, бокс сайыстарының үшінші күні 1/8 финалда қазақстандық боксшылар Қайрат Ералиев (56 кг) катарлық Джомах Арбабимен, Әділбек Ниязымбетов (81 кг) сириялық Элдин Госсунмен, ал Антон Пинчук (91 кг. дейін) қырғызстандық Сергей Паренкомен қолғап түйістіреді.