Инчхон-2014: Қазақстандық Е.Хуповец күміс жүлдеге қол жеткізді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Инчхон қаласындағы жазғы Азия ойындарында каратэден өткен сайыста қазақстандық Екатерина Хуповец 50 келі салмақта күміс медальды жеңіп алды.

Инчхон-2014: Қазақстандық Е.Хуповец күміс жүлдеге қол жеткізді

«KAZsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсеткеніндей, жартылай финалда 2012 жылғы Азия чемпионы, ирандық Насрин Дустиді 4:0 есебімен ұтқан Маңғыстау облысының өкілі, 22 жастағы Е.Хуповец финалда тайбэйлік он сегіз жасар Цуй Пин Кумен кездесті. Бұл жекпе-жекте төрешілердің бүйрегі тайбэйлік каратешіге көбірек бұрып, ол ұпай санымен жеңімпаз болып танылды. Сөйтіп Қазақстан қоржынында 28 алтын, 23 күміс, 33 қола, барлығы 84 медаль бар.

Айта кетейік, биылғы Азиада қорытындысында қазақстандықтар өз тарихында алтын медаль жөнінен рекордтық нәтижеге қол жеткізді. Осыған дейін 1994 жылы Қазақ елі алғаш қатысқан Хиросима қаласындағы Азия ойындарында қоржынға түскен 25 алтын жүлде үздік көрсеткіш саналып келген еді. Бұл жолы қазақстандық спортшылар жеңіс тұғырына әлдеқайда көп көтеріліп, еліміздің Әнұраны 28 рет ойналды. Сөйтіп жалпыкомандалық есепте Қазақстан ұлттық құрамасы Қытай, Оңтүстік Корея, Жапониядан кейінгі өзінің үйреншікті, төртінші орнына (бұдан төрт жыл бұрын Гуанчжоуда қазақстандықтар Иранды алға жіберіп, бесінші сатыға жылжып кеткен болатын) қайта жайғасты. Ал жалпы медаль саны жөнінен 2006 жылғы Дохадағы озық көрсеткішке (барлығы 85 медаль) бір ғана жүлде жетпей қалды.