Инчхондағы Азия ойындарының жеңімпаздары қомақты қаржылай сыйлықтармен марапатталды (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Ұлттық музейінің мәжіліс залында Инчхон қаласында (Корея Республикасы) өткен XVII жазғы Азия ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін салтанатты марапаттау рәсімі болды.

Инчхондағы Азия ойындарының жеңімпаздары қомақты қаржылай сыйлықтармен марапатталды (ФОТО)

Шараға ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова қатысып, спортшыларға Үкімет атынан алғыс білдірді.

«Инчхондағы Азия ойындарында спортшыларымыз 84 медальді жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте 4-орынға тұрақтады. Бұл - ең бірінші Елбасымыздың спортқа деген қамқорлығының арқасы және осында отырған, сонымен қатар республиканың әр өңіріндегі спорттық резервтерде даярланған спортшылардың еңбегінің нәтижесі», - деп атап өтті ол.

Салтанатты шара барысында Азия чемпионатының алтын жүлдегерлеріне 1 млн. 800 мың теңгеден сыйақы берілді. Ал күміс жүлдегерлер мен қола медаль иегерлері тиісінше 900 мың және 545 мың теңгеден еншіледі.

Сондай-ақ, шараға ҚР Мәдениет және спорт министрі А. Мұхамедиұлы, спорттың әр түрі бойынша федерация басшылары және басқа да лауазымды тұлғалар қатысты.

Айта кетейік, Инчхонда өткен Азия чемпионатында біздің спортшылар 28 алтын, 23 күміс және 33 қола медель еншілеп, Азия құрлығының 45 елінен келген 10 мыңға жуық спортшылардың арасынан жалпыкомандалық есепте 4-орынға табан тіреді.