Индер ауданындағы он бес эвакуация пунктінде 1600 орын бар

эвакуация
Фото: ТЖМ

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысындағы Индер ауданында 15 эвакуациялық пункт дайындалды. Онда 1600 орын бар.

Индер аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы, азаматтық қорғау майоры Парасат Боранбайұлының айтуынша, тұрғындарды көшіру қажеттілігі туындаған жағдайда эвакуациялау жұмыстарына 150-ге жуық қызметкер жұмылады.

«Эвакуацияға қатысатын мамандардың қатарында төтенше жағдайлар бөлімі, полиция мен жергілікті атқарушы органның өкілдері бар. Тұрғындарды тасымалдауға 20-дан астам техника дайын тұр. Су тасқыны қаупі туындаса, дабыл белгісі іске қосылады», -деді Парасат Боранбайұлы.

Эвакуация пунктінің бірі Индербор кентіндегі М.Әуезов атындағы орта мектепте орналасқан.

Мектеп директоры Мереке Жұмашеваның айтуынша, қазір мұнда 45 кереует, 45 әскери төсек-жабдық дайындалған.

«Мектептің спорт залында 90 орын дайындалды. Білім ордасындағы асханадан бір мезгілде 100 адам тамақтана алады. Қазір дене тәрбиесі сабағын мектептің ауласындағы алаңда өткізуге шешім қабылданды. Басқа пәндер офлайн форматта өтіп жатыр», -деді Мереке Жұмашева.

Еске сала кетелік, бұған дейін Индерде – 15, Махамбет ауданында 22 эвакуациялық пункт дайын тұрғанын жазған болатынбыз. 

Ал, Сарайшық ауылындағы эвакуация пункті 300 адамды қабылдай алады. 

Соңғы жаңалықтар