Индерборда екі бала мерт болған өрт: пәтерден жанармай иісі бар құты табылған

Алматы
Фото: Алматы қалалық ТЖД

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысының Индербор кентіндегі пәтер өртіне қатысы бар күдікті Орал қаласына қашпақ болған. Өртенген пәтерден жанармай иісі бар құты қалдығы табылған. 

Атырау облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Болат Көшқалиевтың айтуынша, ұсталған күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

«Индер аудандық полиция бөлімінің жедел тергеу тобының іздестіруі кезінде өртенген пәтерден жанар май иісі бар құты қалдықтары табылды. Орал қаласына бағыт алған жастағы 31 күдікті Орал қаласына бағыт кезде ұсталды. Оның жақын жердегі жанармай бекетінен бензин сатып алғаны бейнекамерадағы жазба арқылы анықталды. Күдікті жәбірленушінің танысы екені белгілі болды», - деп хабарлады Болат Көшқалиев.

Оның мәліметінше, қазір ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабының 2-бөлігінің бірнеше тармағымен қылмыстық іс қозғалған. Күдікті уақытша ұстау изоляторында қамауда отыр.

«Қазір күдіктінің басқа адамды құқыққа қарсы қасақана қазаға ұшырату, екі немесе одан да көп адамды өлтіру, аса қатыгездiкпен, басқа адамдардың өмiрiне қауiптi тәсiлмен, төтенше жағдай кезінде жасалған және жасөспірімдерді өлтіру дерегімен қылмыстық тергелуде. Аталған бап бойынша белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, бас бостандығынан өмір бойына айыруға жазасы көзделген», - деп мәлім етті Болат Көшқалиев.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысындағы Индербор кентінде өрттен екі бала мерт болған еді.

Кейін өртте күйіп қалған екі адамның жағдайы ауыр екенін хабарладық.

Сондай-ақ, екі баланың өмірін қиған өртке күдікті қамауға алынғанын жазған болатынбыз. 

Соңғы жаңалықтар