21:36, 22 Тамыз 2014 | GMT +5
Индира Гандидің өлтірілуі жайындағы фильмді Үндістанда көрсетуге тыйым салынды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Үндістан елдің бұрынғы премьер-министрі Индира Гандидің өлтірілуі жайындағы фильмнің көрсетілуіне тыйым салды.

Бұл жайында шетелдік БАҚ хабарлады.
Киносыншылардың пікірінше, режиссер Равиндера Равидің «Қоғам гауһары» (Kaum De Heere) туындысы саяси қайраткерді өлтірушіні мадақтайды. Ал бұл қоғамда наразылық шараларының орын алуына түрткі болуы мүмкін.
Мұндай шешімді «қоғамдық тәртіпке қауіп» төндіретіндігіне байланысты Үндістанның фильмдерді сертификаттау жөніндегі орталық басқармасы қабылдаған.
Индира Ганди 1984 жылдың 31 қазанында өз резиденциясында өлтірілген болатын. Оны үкімет басшысы күзет қызметінің полицейлері Беант Сингх пен Сатвант Сингх атқан еді. Осыдан кейін елдегі тайпалар арасында қақтығыстар орын алып, бірнеше мың адам қаза тапты.