Индонезия: кеме апатынан кейін 80 адам із-түзсіз кетті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Индонезияда кеме апатынан кейін 80 адам із-түзсіз кетті. Оқиға Сулавеси аралы маңында болған, деп жазады Би-би-си.

Индонезия: кеме апатынан кейін 80 адам із-түзсіз кетті

Жергілікті биліктің мәліметі бойынша, үш адамның денесі табылған, сондай-ақ 39 жолаушы құтқарылған.

118 жолаушы мінген кеме сенбі күні таңертең Сулавеси провинциясының оңтүстік-шығысында орналасқан Колака қаласынан шыққан. Ол Боне шығанағынаң келесі бетіндегі Сива портына бет алған.

15:45-те Сива портының диспетчері кеме экипажынан олардың суға батып бара жатқандығы туралы хабар алған, одан соң байланыс болмаған.

Алдын ала болжам бойынша, кеме үш метрлік толқын салдарынан аударылып, батып кеткен.

Индонезияның көлік министрлігінің хабарлауынша, онда 89 ересек, 5 бала, 14 сәби және 10 экипаж мүшесі болған.

Адамдарды 6 құтқарушы кеме іздестіріп жатыр. Іздеу жұмыстары ауа райының қолайсыздығы мен биік толқындардың кесірінен қиындап отыр.