Индонезия мен Жапониядағы апаттардан қазақстандықтар зардап шеккен жоқ - СІМ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Индонезиядағы алапат жер сілкінісі мен Жапониядағы сұрапыл тайфунның салдарынан қайтыс болған немесе зардап шеккендердің арасында қазақстандықтар жоқ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Индонезия мен Жапониядағы апаттардан қазақстандықтар зардап шеккен жоқ - СІМ

«Өздеріңіз де жаңалықтардан көріп отырғандай, сағат сайын көз жұмғандардың саны көбейіп бара жатқанын (Индонезияда -авт.) көріп отырсыздар. Біздің консулдың мәліметіне сүйенсек, қазіргі таңда қайтыс болған немесе зардап шеккендердің арасында Қазақстан азаматтары жоқ. Сонымен қатар, эвакуациялау туралы көмек сұрап, Қазақстан елшілігіне ешкім келмеген. Сонымен қатар, Жапонияда 30 қыркүйекте өте жойқын тайфун болды. Табиғи апаттың салдарынан 2 адам қаза тауып, жүзге тарта адам түрлі дене жарақаттарын алған. Қайтыс болғандар мен зардап шеккендердің арасында Қазақстан азаматтары жоқ», - деді ҚР СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров ведомство ғимаратында өткен брифинг кезінде.

Еске сала кетсек, бұған дейін Индонезияның Сулавеси аралында болған жер сілкінісі мен цунами салдарынан қаза тапқандар саны 1,2 мың адамнан асқанын, ал Жапонияда сұрапыл тайфун болып, осының салдарынан зардап шеккендердің саны 50-ге жеткенін хабарлаған едік.