Индонезия президенті орынтағына екі кандидат үміткер болып отыр
АСТАНА. ҚазАқпарат - Индонезия халқы сәрсенбі күні жаңа президентті сайлайды.
Ел көшбасшылығына Джакартаның 53 жастағы губернаторы Джоко Видодо мен 62 жастағы бұрынғы әскери генерал, «Ұлы Индонезия үшін қозғалыс» партиясын басқаратын Прабово Субианто үміткер болып отыр, деп хабарлады ВВС.
Небәрі бірнеше ай бұрын Джоко Видодоны президенттікке таласта жеңістен басты үміткер ретінде қараған. Ол Индонезияның халқының тұрмысы төмен бөлігі арасында танымал. Алайда саяси тәжірибесі жоқ және оның сайлауалды науқаны жақсы ұйымдастырылмаған болып шықты.
Прабово Субианто жастар арасында танымал, олар оның табанды саясаткерлігіне еліктейді. Алайда бұрынғы генералдың қызметтік тізімінде көлеңкелі тұстары да бар. Оны 1998 жылы белсенді студенттерді ұрлауға қатысы бар деп айыптаған болатын.