Индонезия ресми түрде БРИКС қатарына қосылды
АСТАНА. KAZINFORM – Индонезия Сыртқы істер министрлігі 7 қаңтар күні мәлімдеме жасап, Оңтүстік-шығыс Азиядағы осы елдің БРИКС-ке ресми мүше болғанын хабарлады. Бұл туралы қытайлық CNS жазды.

- Қарқынды дамып келе жатқан және әртараптандырылған экономика ретінде Индонезия экономикалық тұрақтылықты, технологиялық ынтымақтастықты және орнықты дамуды ілгерілету, сондай-ақ климаттың өзгеруі, азық-түлік қауіпсіздігі мен қоғамдық денсаулық сияқты жаһандық сын-қатерлерге қарсы іс-қимылды қоса алғанда, БРИКС елдерінің күн тәртібіне белсенді үлес қосуға бейілді екенін білдірді. Индонезия басқа дамушы экономикалармен ынтымақтастықты нығайту арқылы теңдік, өзара құрмет және тұрақты даму сияқты ортақ қағидаттарды алға жылжытып, әділетті, бейбіт және өркендеген әлем құруға ұмтылады, - деп атап көрсетілген мәлімдемеде.
CNS-тің жазуынша, 2025 жылы БРИКС-ке төрағалық ететін Бразилия 6 қаңтар күні Индонезияның ұйымға ресми қосылғаны туралы мәлімдеме жасаған.
Мәлімдемеде Индонезияның БРИКС-ке қосылу туралы өтініші Оңтүстік Африканың Йоханнесбург қаласында 2023 жылы БРИКС көшбасшыларының 15-ші саммитінде мақұлданғаны айтылды.
Қазақстан 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап БРИКС-ке серіктес ел атанды. БРИКС-тің 2024 жылы қараша айында Қазан қаласында өткен кезекті саммитінің шешіміне сәйкес, біздің елімізден басқа, бұл санатта Беларусь, Боливия, Индонезия, Тайланд, Куба, Уганда, Малайзия және Өзбекстан да бар еді.
Айта кетейік, Трамп БРИКС елдері доллардан бас тартқан жағдайда баж салығы салынатынын ескертті.