17:10, 02 Қыркүйек 2009 | GMT +5
Индонезия жағалауында қуатты зілзала болды
АСТАНА. Қыркүйектің 2-сі. ҚазАқпарат - Индонезия жағалауында күші 7,4 балдық жер сілкінісі болды, деп хабарлады АҚШ-тың Ұлттық геологиялық қызметінен.
Зілзала кіндігі Ява аралының жағалауында, Джакартаның оңтүстік-шығысына қарай 200 шақырымдай жерде болған, деп хабарлайды РБК агенттігі.
Ал Тынық мұхиттағы цунамиді бақылау жөніндегі орталықтың мәліметі бойынша, зілзаланың қуаты Рихтер бағамы бойынша 7,1 балды құраған. Орталық зілзала кіндігінен 100 шақырымдай радиустағы жағалауға жергілікті цунамидің болуы ықтималдығын ескертіп отыр. Қираулар мен зардап шеккендер туралы әзірге ақпарат түскен жоқ.
Естеріңізге сала кетейік, бұл аудандағы тектоникалық тақталардың белсенді қозғалысы үлкен цунамилерге себеп болады. 2004 жылы осындай зілзаладан болған цунами 300 мыңнан астам адамның өмірін қиған болатын.