Индонезияда алғаш рет Орталық Азияны зерттеу орталығы ашылды
ДЖАКАРТА. KAZINFORM — Индонезияның ұлттық даму университетінің базасында алғашқы Орталық Азияны зерттеу орталығының ашылуы өтті. Оның қызметі еліміздің және өзге де Орталық Азия мемлекеттерінің әлеуетін, бұл елдердегі қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық үдерістерді зерделеуге, сондай-ақ өзара инвестициялық, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланысты дамытуға бағытталады.

Іс-шараға Индонезияның СІМ және дипломатиялық миссиялар, сараптамалық және журналистік топтар өкілдері, сондай-ақ университеттің оқытушылары мен студенттері қатысты.
Қазақстанның Индонезиядағы Елшісі Сержан Әбдікәрімов өз сөзінде 2022 жылғы жалпыұлттық референдум арқылы жаңартылған ҚР Конституциясы негізінде елімізді жан-жақты жаңғырту, өңірлік интеграцияны дамыту процесі және Орталық Азия мемлекеттері басшыларының VI консультативтік кездесуінің қорытындысы мен Индонезиядан 80-ге жуық спортшы қатысатын Астанада өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойыны туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

Индонезияның географиялық қашықтығы және Қазақстан туралы толық және өзекті ақпараттың тапшылығы жағдайында Орталық Азия зерттеулер орталығының қызметі хабардарлықты арттыруға, сараптамалық қауымдастықтар арасында диалог ұйымдастыруға, тәжірибе алмасуға және Индонезия мен АСЕАН елдерімен түрлі салаларда көпжақты ынтымақтастықты нығайту бойынша ұсыныстар әзірлеуге оң ықпалын беретіні аталып өтті.
Жиынға қатысқан Индонезияның ресми тұлғалары мен сарапшылары ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Орталық Азияның Ренессансы: орнықты даму мен өркендеу жолында» атты мақаласымен танысып, Қазақстан мен өңіріміздің қазіргі әлемдегі өсіп келе жатқан геосаяси және геоэкономикалық рөлін ескере отырып, осындай талдамалық институт құрудың уақтылы екенін және пайдасын атап өтіп, өңірімізді зерттеуге ғылыми және қолданбалы қызығушылықты белгілеп, кездесу тақырыбына нақты ұсыныстар енгізді.

Бір күн бұрынғы Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы күнді ескере отырып, қатысушылардың назарына Қазақстанның осы үдерістегі рөлі мен күш-жігері туралы ақпарат жеткізілді және Семей ядролық сынақ полигонының қызметі мен жабылуы туралы деректі фильм көрсетілді.
Шара барысында университеттің орталық залында еліміздің көркем табиғи ландшафт мен көрнекті орындары бейнеленген фотокөрме ашылды. Сондай-ақ Қазақстанның бай туристік әлеуеті туралы бейнероликтер көрсетіліп, буклеттер таратылды.