Индонезияда болған көшкін мен селдің салдарынан 10 адам қаза тапты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Индонезияның басты аралдарының бірі - Яваның батыс бөлігінде болған көшкін мен селдің салдарынан кем дегенде 10 адам мерт болды. Тағы 30 адам түрлі дене жарақаттарын алды, деп жазады newsru.com.
Бұл туралы сәрсенбі күні Табиғи апаттардың салдарымын күрес жөніндегі Ұлттық басқарманың ақпарат орталығының (BNPB) басшысы Сутопо Пурво Нугрохо (Sutopo Purwo Nugroho) хабарлады.
«Бүгінде құтқарушылар қарулы күштермен, полиция және еріктілермен бірлесіп, іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізіп жатыр», дейді орталық басшысы. Оның сөздерін Detik.com ақпараттық интернет-порталы келтірді.
Ява аралының батыс бөлігіндегі Гарут ауданында жауған нөсер жаңбыр су тасқынының орын алуына ықпал етті. Мұнда су деңгейі кей жерлерде екі метрге жеткен. Гарутта сегіз адам мерт болып, біреуі із-түзсіз жоғалды, төртеуі ауыр және 26-сы жеңіл жарақат алды. Жүздеген жергілікті тұрғын баспанасыз қалды.
Мамандар Индонезиядағы жауын-шашын маусымындағы көшкіндерді ормандардағы ағаштардың көп шабылуымен байланыстырды.