Индонезияда есірткімен ұсталған қазақстандықтар елге қайтарылуы мүмкін бе

АСТАНА. KAZINFORM — Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев Сенат отырысынан кейін журналистерге Индонезияның Бали аралында 49 грамм метамфетаминмен ұсталды делінген Қазақстан азаматтары туралы мәлімет берді.

Елімізде есірткі бизнесін ұйымдастырушыларға жаза күшейтілді
Коллаж: Canva

— Бұл ақпарат ресми түрде расталды. Индонезия тарабы бізге бұл ақпаратты елшілікке жолдады. Қазақстанның 2 азаматы Индонезияның заңын бұзып, ұсталды. Индонезия тарабы қазір тиісті тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қазақстан мен Индонезия арасында ұсталған азаматтарды алмау туралы құжаттар әзірше жоқ. Бірақ 2014 жылдан бері бұл мәселені Индонезия тарабымен көтеріп жатырмыз. Бүгінге дейін ондай оқиға болмағандықтан, Индонезия тарабының ондай құжаттардың қажеті жоқ деген ұстанымы болған. Бүгінгі таңда қажеттілігі бар. Дегенмен, ондай құжаттар болмаса да, заңды түрде Индонезия тарабына ресми сауал жасауға мүдделіміз. Сол сауалға Индонезия тарабы жауап берсе, соның негізінде екіжақты қарым-қатынас жалғасады, — деді ол журналист сұрағына берген жауабында.

Әлібек Бақаев дипломаттар Индонезия соты қазақстандықтардың әрекеті бойынша қандай шешім шығаратынын күтетінін айтты. 

— Бүгінгі таңда ол екі отандасымыз туралы ресми ақпарат бар. Индонезия тарабы қандай шешім қабылдайтынын күтеміз. Сот шешімі шыққаннан кейін, соның нәтижесі бойынша жұмыс жүргіземіз, — деді министр орынбасары.

Дипломаттың айтуынша, аталған Қазақстан азаматтары Индонезиядағы Қазақстан консулдығына жүгінбеген. Бірақ дипломатиялық каналмен ақпарат келіп түскен бойда консулдық заң аясында тергеу тарабымен байланысқа шыққан.

— Бұл мәселе азаматтардың өздеріне байланысты. Олар сыртта ұсталса, өздері консулды шақыруға хақылы болған. Консул керек деген хабар берсе, міндетті түрде Индонезиядағы консулымыз барып, сол азаматтармен сөйлеседі. Бүгінгі таңда байланыс болмады. Консулдық өкілдері оны күтпестен тергеу тарабымен байланысқа шықты. Бірақ қорғаушыны Индонезия тарабы берді. Бұл жерде Қазақстан азаматтары ғана емес, күдікке ілінген басқа елдердің азаматтары да бар, — деді дипломат.

Бұған дейін аталған қазақстандықтар Индонезия заңнамасы бойынша өлім жазасына кесілуі мүмкін екенін жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар