Индонезияда «Исламиаданың» шымылдығы ашылды
АСТАНА. 23 қыркүйек. ҚазАқпарат - Кеше Индонезияда Ислам елдерінің бүкіләлемдік үшінші спорт ойындары басталды. Бұл туралы muslim.kz хабарлады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, 46 мұсылман елінен 1800 спортшы төрткүл дүние көз тіккен дүбірлі додаға қатысып, бақтарын сынайды. Соның ішінде саяси тұрақсыздық жайлап, толқудан көз ашпай отырған Мысыр, Ирак және азаматтық соғыс шарпыған Сирия елдерінің өкілдері де дүбірлі додадан сырт қалмады.
Алайда, Суматра аралындағы Палембанг қаласында болып өткен айтулы шараның ашылу салтанаты қаражаттың жеткіліксіздігінен, бөлінген қаржының діттеген жеріне дер кезінде жеткізілмегендігінен тым жұпынылығымен ерекшеленді. Мұның себебі, Иран Исламиаданы өткізуден аяқ астынан бас тартқандықтан, Индонезияның тыңғылықты дайындалуға мұршасы болмады.
Исламиада алғаш рет Сауд Арабиясында өткенін айта кету керек. Шариғат талаптары қатаң сақталатын осынау елде ерлер мен әйелдердің жарысы бөлек өткізіліп, әйелдерге қысқа киім киюге рұқсат берілген жоқ. Бұған қоса, ерлер жағы әйелдердің суда жүзу жарысын тамашалай алмады.
Индонезия бұл шектеулер мен тыйымдарды алып тастады. Спорттың 11 түрі бойынша өтетін жарыс қазан айының 1-не дейін созылады.