Индонезияда кондитерлік фабрика өртеніп, 7 адам қаза тапты, 42 адам із-түзсіз жоғалды

АСТАНА. KAZINFORM – Индонезияның Ява аралының батысындағы Серанг округінде кондитерлік фабрикадан шыққан өрт салдарынан кемінде 7 адам қаза тауып, тағы 42 адам із-түзсіз жоғалды, деп хабарлайды Euronews.

сч
Фото: banten.antaranews.com

Өрт сенбі күні түстен кейін басталып, өндірістік ғимаратты жылдам шарпыған. Жалынды тек жексенбі күні таңертең толық сөндіру мүмкін болды.

Полиция мәліметінше, қаза тапқандар саны артуы мүмкін. Қазіргі уақытта 42 адамның қайда екені белгісіз.

Кәсіпорын иелерінің хабарлауынша, сенбідегі ауысымда фабрикада шамамен 300 қызметкер жұмыс істеген.

– Сенбідегі ауысымда фабрикада шамамен 300 жұмысшы болған. Қазіргі уақытта 42 адам із-түзсіз жоғалғандар қатарында. Полиция олардың қайда екенін нақты анықтау үшін жұмысшылардың туыстарын іздестіріп жатыр, – делінген жарияланған ақпаратта.

Қазір мамандар өрттен зардап шеккен өндірістік ғимараттарды тексеріп жатыр. Құтқарушылар мен тергеушілер ауқымды іздестіру жұмыстарын ғимарат қалдықтары толық суып, фабрика аумағы қауіпсіз деп танылғаннан кейін бастайды.

Өрттің нақты шығу себебі әзірге анықталған жоқ.

Аман қалған жұмысшылардың айтуынша, өрт өндірістік ғимараттың үшінші қабатындағы салқындатқыш қондырғыдан басталған болуы мүмкін.

Айта кетейік, бұған дейін Қытайдың Гуандун провинциясындағы тоқыма фабрикасында өрт шығып, 8 адам қаза тауып, тағы бір адам жарақат алған еді. Өрт кезінде 63 адам эвакуацияланған.