Индонезияда мемлекет басшысының әңгімесін заңсыз тыңдаған шенділер қолға түсті

АСТАНА. KAZINFORM — Индонезия президенті Прабово Субианто өз әкімшілігінің басшысы Листио Сигит Прабовоны қызметінен босатты. Ол мемлекет басшысы мен министрлерді қоса алғанда, жоғары лауазымды бірнеше шенеуніктің телефон арқылы әңгімелескенін заңсыз тыңдады деген күдікпен ұсталған, деп хабарлайды Kazinform агенттігі Al Jazeera басылымына сілтеме жасап.

Индонезияда мемлекет басшысының әңгімесін заңсыз тыңдаған шенділер қолға түсті
Фото: Ховар

Айта кетейік, Листио Сигит Прабово Индонезия президенті әкімшілігінің басшысы қызметіне өткен айда ғана тағайындалған еді.

Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, Листио Ұлттық полицияны басқарған өткен жылдан биылға дейінгі аралықта бірқатар жоғары лауазымды тұлғаның телефон арқылы сөйлескен әңгімелері заңсыз тыңдалған.

Осы іске байланысты одан бөлек полицияның тағы екі жоғары лауазымды қызметкері ұсталды.

— Бұл әрекетке жекелеген теріс пиғылды адамдар барған. Мұндай қадамды мемлекетке опасыздық жасауға жақын әрекет деп бағалауға болады. Өйткені ол елдің ұлттық мүддесі мен қауіпсіздігіне, оның ішінде мемлекет басшысының өмірі мен қауіпсіздігіне қатер төндіреді, — деді Индонезия президентінің баспасөз хатшысы.

Күдіктілер өткен айда тыңдалған хабарламалар жазылған файлдарды жоюға бұйрық беріп, қылмыс ізін жасырмақ болды деп те айыпталып отыр.

Бұл әрекеттің қандай мақсатта жүргізілгені әзірге белгісіз.

Сәрсенбі күні Индонезия әскері ел астанасы Джакартаға 20 мыңнан астам әскери қызметшіні жіберді. Алайда бұл шешімнің күдіктілерді ұстау оқиғасына қатысы бар-жоғы жөнінде ресми мәлімдеме жасалған жоқ.

Индонезия Қарулы күштерінің өкілі әскери қызметшілерді орналастыру елдің ұлттық қауіпсіздігі мен аумақтық тұтастығын қамтамасыз етуге бағытталған қалыпты шара екенін мәлімдеді.

Бұған дейін Әзербайжанның бұрынғы шенеунігіне елге опасыздық жасады деген ауыр айып тағылғаны хабарланған болатын.