23:07, 30 Наурыз 2016 | GMT +5
Индонезияда ресейлік дайверді қолтырауын жазым етті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Индонезияның Раджа-Ампат аралында 37 жастағы ресейлік дайвердің өлі денесі табылды. Жергілікті БАҚ-тың жазуына қарағанда жігітті қолтырауын жарақаттаған.

Ресейлік 26 наурызда су астына сүңгу кезінде із-түзсіз жоғалып кеткен. Бұл туралы оның достары полицияға хабар берген.
Туристің жарақат іздері бар мүрдесін жергілікті тұрғындар сейсенбі күні жағадан тауып алған. Криминалистер «мұндай жарақатты алып қолтырауын ғана салады» деп болжап отыр.
Қазір Индонезиядағы Ресей елшілігінің өкілдері қайғылы оқиғаның бүге-шігесін анықтап жатыр. Дипломаттар қаза тапқан жігіттің атын жария етпегенімен жергілікті басылымдар оны «Сергей» деп атауда.