Индонезияда жанартау атқылап жатыр, екі адам қаза тапты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Индонезиядағы Ява аралында жанартау оянып, салдарынан екі адам көз жұмды. Олар жанартаудың атқылауынан болған жерасты дүмпулерінен қираған ғимараттардың астында қалған, деп хабарлады жергілікті билік.
Ява аралында табиғи апат түнде басталған. Осыған байланысты Сурабай, Соло, Джокьякарта қалаларындағы халықаралық әуежайлар жабылды.
Көкке көтерілген күл 200 шақырымға дейінгі аумақты басып қалды. Қазір жанартау аспанға балқыған тау жыныстары мен күлді толассыз лақтырып жатыр.
Билік 36 ауылдың және 10 шақырым аралықтағы кенттердің 200 мыңға жуық тұрғындарын қауіпсіз жерге көшіруге өкім берді, деп хабарлайды ИТАР-ТАСС.