Индонезиядағы Левотоби жанартауы қайта атқылап жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Индонезияның Шығыс Нуса Тенггара провинциясында орналасқан Левотоби жанартауы бейсенбі күні қайтадан атқылап, күл бағанасын 5 мың метр биіктікке лақтырып, авиациялық қауіп-қатердің ең жоғары деңгейі жарияланды.  Бұл туралы Индонезияның жанартау және геологиялық апат салдарын жою орталығы хабарлады, деп жазады Синьхуа. 

Жанартау
Фото: Синьхуа

Жанартау жергілікті уақыт бойынша 10:48-де болған. Күл кратердің батысына, оңтүстік-батысына және солтүстігіне шашыраған. 

Вулкан обсерваториясы кратердің үстінде және айналасында 6 мың метрден төмен ұшуға тыйым салатын «қызыл» (ең жоғары) авиациялық қауіптілік кодын жариялады. Ұшақтар ұшу бағытына кедергі келтіретін күл бұлттарына да дайын болуы керек.

Левотоби жанартауы жексенбі күні кешке атқылап, салдарынан 10 адам қаза тауып, 63 адам жарақаттанды. 4 мыңнан астам тұрғын үйлерін тастап кетуге мәжбүр болды. Ыстық бұлттар мен жанартаулық материалдар жүздеген үйлер мен ғимараттарды қиратып, аймақта өрт қаупін тудырып отыр. 

1584 метрлік Левотоби тауы Индонезиядағы 127 белсенді жанартаулардың бірі. Тынық мұхитының өрт сақинасында орналасқан елде жанартаулық белсенділік жиі кездеседі.

Соңғы жаңалықтар