Индонезиядағы жанартау маңында тікұшақ апатқа ұшырады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Туристерді қауіпсіз аумаққа көшіруге тиіс болған сегіз адам қаза тапты.
Индонезияда құтқарушы тікұшақ Явадағы атқылап жатқан Силери жанартауының маңында апатқа ұшырады. Тікұшақ Бутак тауында жартасқа соғылып, жанартаудың атқылауы басталған туристік аймақтағы Диенг үстіртінен үш минуттық ұшу кезінде қирады, деп хабарлайды Associated Press.
Өткен жексенбіде Диенг үстіртіндегі Силери жанартауының ұшқыны шамамен 50 метр биіктікке жетті. Кенеттен болған жанартаудың атқылауы кезінде кратер аумағында 17 турсит болған. Соның салдарынан он адам жарақат алып, ауруханаларға жеткізілді.
Билік қауіпсіздік мақсатында туристер мен жергілікті тұрғындардың оқиға болған аумақты босатуын сұрады. Дүйсенбі күні таң атқанша, барлық адамдар қауіпсіз аймаққа көшірілді.
Тікұшақтың жартасқа соғылу себебі әзірге анықталмай отыр. Машинада ешқандай ақау болмаған. Бортта эвакуациялауға жұмылдырылған төрт әскери қызметкер және төрт құтқарушы болды.