Индорхоккейден Азия кубогында Қазақстан ерлер құрамасы Индонезияны жеңді

спорт
Фото: Азия хоккей федерациясының Facebook парақшасы

АСТАНА. KAZINFORM - Жабық ғимараттағы көгалдағы хоккейден (индорхоккей) Қазақстан ерлер құрамасы Азия кубогы топтық кезеңіндегі алғашқы ойынында жеңіске жетті.

Азия кубогы 21-25 мамыр аралығында Талдықорған қаласында өткізіледі.

Қазақстандық хоккейшілер В тобында Индонезия, Малайзия және Оман құрамаларымен сынға түседі.

Алғашқы кездесуінде ел құрамасы Индонезияны 6:2 есебімен тізе бүктірді. 

Енді олар 22 мамырда алдымен Малайзия, одан кейін Оманмен шеберлік байқасады. 

Ал 23-24 мамырда плей-офф сатысындағы ойындар өткізілсе, 25 мамырда финал мен 3-орын үшін ойындар болады.

Еске салсақ, бұдан бұрын индорхоккейден Азия кубогында Қазақстан әйелдер құрамасы күміс алды.

Еліміздің ерлер құрамасы Азия кубогында 2015, 2017, 2019 жылдарда күміс жүлдегер болса, 2014, 2022 жылдарда қола медальға қол созды.

Азия кубогы 2008 жылдан бері тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді.

Соңғы жаңалықтар