inDrive рулі оң жақтағы автокөліктерді тапсырыстан шеттетеді

машина
Фото: Canva

АСТАНА. KAZINFORM – Көлік министрі Марат Қарабаев inDrive сервисінің негізін қалаушы Арсен Томскиймен кездесті. Министр жолаушылар тасымалының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және бәсекеге қабілетті нарық құру қажеттігін атап өтті.

Биыл маусымның басында inDrive, Көлік министрлігі және Ішкі істер министрлігі арасында үшжақты меморандумға қол қойылды. inDrive басшысының ақпаратына сәйкес, меморандум аясында қала ішіндегі және қалааралық тасымалдарда қауіпсіздікті арттыру бойынша бірқатар іс-шара жүргізіліп жатыр. 

Платформаның жүздеген жүргізушісі жол қауіпсіздігі ережелері мен қызмет көрсету сапасын арттыру бойынша оқудан өтті. Сонымен қатар тамыз айының басында «Алматы-Қонаев» тас жолының қауіпті учаскелерінде жол қауіпсіздігі ережелерін сақтау тақырыбына билбордтар орналастырылды. Кездесу барысында платформа өкілі жол қауіпсіздігін арттыру бағыттағы жұмысты жалғастыруға және қызмет көрсету сапасын жақсартуға ниетті екенін айтты. 

Сондай-ақ inDrive, Көлік министрлігі және Ішкі істер министрлігі арасында жылдамдық режимі бойынша деректер алмасу мәселесі талқыланды.

Министр таксомоторлық тасымалдарда қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған бірлескен жұмыстың қажет екенін атап өтті:

  • жүргізуші жолға шығар алдында медициналық куәландырудан өтуі керек, еңбек және демалыс кестесін және жылдамдық режимін сақтауы тиіс;
  • таксомоторлық тасымалдарға тартылған автокөлік міндетті түрде Қазақстанда тіркеліп, жылына екі рет техникалық байқаудан өтуі тиіс. 

Меморандумға сәйкес, құжаттарды қайта тексеруді, фотобақылауды және шетелдік тіркеуі бар автомобильдердің құжаттарын тексеруді қоса алғанда, рөлі оң жақта орналасқан автомобильдерді анықтау және жүйеден шығару бойынша арнайы шаралар жүргізіледі. Заңнама талаптарына сәйкес келмеген жағдайда жүргізушілерге 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап хабарлама жіберіледі және inDrive қосымшасынан ажыратылады. 

Сондай-ақ Көлік комитеті мен inDrive деректері негізінде автомобиль моделіне, рөлді басқару түріне байланысты жол-көлік оқиғалары бойынша статистикалық деректерге бірлескен талдау жүргізіледі. Талдау жолаушыларды тасымалдау үшін рөлі оң жақта орналасқан автомобильдердің қауіпсіздігін неғұрлым толық әрі объективті бағалауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар қолданушылардың пікірі мен Ішкі істер министрлігінің заң бұзушылықтар туралы мәліметтер негізінде ережелерді үнемі бұзатын жүргізушілер тапсырыстарды орындаудан уақытша немесе біржола шеттетілуі мүмкін. 

«Біз үшін басты қағида – қолданушылардың қауіпсіздігі. 2024 жылдың екінші тоқсанының соңына дейін біз мүгедектігі бар жандарға арналған жеке қажеттіліктер мен балалар орындығының болуы қажеттігі туралы хабарлауға мүмкіндік беретін қосымша функционалды енгізуді жоспарлап отырмыз. Біздің платформаның жүргізуші серіктестері үшін жол қозғалысы ережелерін сақтау, жолаушылармен қарым-қатынас ережелері және ақпаратты барынша тарату мақсатында жүлделер ұтып алу мүмкіндік беретін қала аралық тасжолдарда қауіпсіздік ережелері тақырыбында онлайн және офлайн тренингтер өткізіледі», - деді қалааралық inDrive басшысы Борис Хван. 

Одан бөлек, қосымшаны қолданушыларды құлағдар ету мақсатында Төтенше жағдайлар министрлігінің тас жолдардағы жол қозғалысы туралы, көліктің техникалық жай-күйін тексеру және қауіпсіздік белдігін тағу қажеттігі туралы автоматты хабардар ету жүйесі іске қосылады. 

Сондай-ақ жүргізушілерге көлікті айдау жылдамдығын белгіленген көрсеткіштен жоғарылатпау және агрессивті жүргізбеу керектігі ескертіледі.

Соңғы жаңалықтар
telegram