InDriver қолданушыларға 50 шақырымнан ұзақ жолда адам тасуға шектеу қойылуы мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM – Көлік министрі Марат Қарабаев қалалар арасында қатынайтын автобустарды бәсекеге қабілетті етудің екі жолын зерттеп жатқанын айтты.

Автожол
Фото: ҚазАвтоЖол

«Қарасаңыздар, екі қаланың арасына қатынайтын автобустар 2020 жылдан кейін жоғалып кетті. Өйткені пандемия келді де көп кісілер цифрлық технологияға өтті. Соның нәтижесінде InDriver өте күшті болды да, қазір халық екі қаланың арасында қатынайтын тұрақты автобустарға бармай жатыр. Бір жағынан InDriver өте ыңғайлы. Өйткені үйінен алып кетеді және тезірек жүреді. Оған екі шара деп отырмыз. Бірінші шара – қазір сенатта қабылданып жатқан заң. Мысалы, бір нүктеден екінші нүктеге дейін белгіленген жылдамдық сағатына 120 шақырым деп белгіленді дейік. Екі араға одан жылдам жетіп қойсаңыз, сізге автоматты түрде айыппұл келеді. Осылайша жеңіл көліктер мен автобустың орташа жылдамдығы бірдей болады деп ойлап отырмыз. Соның әсерінен халық қайта автобусқа өте ме деген ой», - деді ол.

Министр InDriver сияқты агрегаттардың қызмет аясы шектелуі мүмкін екенін айтып қалды.

«Екінші ұсыныс кейбір елдердің тәжірибесімен байланысты. Басқа елдерде InDriver сияқты агрегаттар қалалардың арасында қатынауға хақысы жоқ. Мысалы, 50 шақырымнан алыс аралыққа жолаушы тасымалдауға шектеу қойылуы мүмкіндік. Сондай істейміз бе деген ұсыныс бар. Бұл нақты шешім емес. Ұсыныс қана. InDriver арқылы жұмыс істеп жүрген жергілікті жігіттер «табысымыздан қағыламыз» деуі мүмкін. Бұл болмаса, басқа талаптар қоюымыз керек. Өйткені жол апатының көбі жылдамдықты асырудан немесе көлік жүргізушінің бір қаладан екінші қалаға жеткен соң ұйықтамай, тағы да жолға шығып кетуінен болады. Оны біржақты шешу қиын. Сондықтан жан-жақты талқылай отырып шешім қабылдаймыз деп ойлаймын», - деді Марат Қарабаев.

Соңғы жаңалықтар