Индустрия министрі атыраулықтардың шағымын тыңдады
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев Атырау облысының тұрғындарымен кездесіп, азаматтарды жеке мәселесі бойынша қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Марат Қарабаевтың айтуынша, министрліктің міндетіне бірнеше саланы дамыту кіреді. Оның ішінде өнеркәсіп өндірісі, жол және тұрғын үй құрылысы, инженерлік инфрақұрылым, көлік-логистикасы мен жер қойнауын игеру, көлік қатынасы секілді салалар бар.
Кездесуде Атырау тұрғындары көкейдегі бірнеше мәселені қозғады. Мәселен, Жұлдыз шағын ауданының тұрғындары көптен бері жерасты суынан зардап шегіп отыр. Өйткені аталған ауданда кәріз-тазарту жүйесі жолға қойылмаған. Ал соның салдарынан көктем-күз мезгілінде тұрғындардың жүріп-тұруы қиындайды.

Осыған орай министр Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Бауыржан Қабдолға аталған мәселені назарға алуды тапсырды. Кәріз-тазарту жүйесі республикалық бюджеттен қаржыландырылады. Сол себепті келер жылға дейін жобалау-сметалық құжаттаманы дайындау ісін тездетіп қолға алу керек.
«Комитет төрағасының орынбасары Бауыржан Жалелұлы шағын ауданға барып, жағдайды бақылауға алады. Содан кейін биылғы шілдеде жобалау-сметалық құжаттаманы дайындауға қаржы қаралса, оны жыл соңына дейін аяқтау керек. Содан соң келесі жылғы шамамен маусымда құрылыс жұмыстарына кірісуге болады», – деді Марат Қарабаев.
Ал жергілікті кәсіпкер Данияр Амангелдіұлы Жайық өзенінің жағасында тұрғындар серуендейтін орын салуды қолға алған. Алайда көлік бақылау инспекциясы кәсіпкердің жұмысына кедергі келтіріп отыр.

«Таяуда Атырау өңіріндегі көлік бақылау инспекциясына жаңа басшы тағайындалды. Сол басшымен тығыз байланыста болуыңызды сұраймын. Көлік инспекциясының өкілдеріне айтарым, кәсібін адал жүргізіп отырған азаматтарға жұмыс істеуге мүмкіндік беру керек. Экономикаға нұқсан келтірмеуіміз қажет», – деп мәлім етті Марат Қарабаев.
Министрдің жеке қабылдауына 7 адам келді. Олар сумен жабдықтау жүйелерін реттеу, автожолдар құрылысы, әуе билеттерінің бағасы, тұрғын үй құрылысы қатынасы, электр желілерін тарту, сондай-ақ жер қойнауын игеруге қатысты мәселелер көтерді. Сондай-ақ атыраулықтарды экология мәселесі толғандырады.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атыраудан Ресеймен шекараға дейінгі жолды жөндеуге 18 млрд теңге бөлінгенін жазған едік.
