12:51, 02 Маусым 2009 | GMT +5
Индустрия және сауда министрлігі мемлекеттік органдар мен холдингтердің және жергілікті биліктің арасындағы жұмысты үйлестіруді ұсынып отыр
АСТАНА. Маусымның 2-сі. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Индустрия және сауда министрлігі елімізді инновациялық индустрияландыруды жеделдету үшін мемлекеттік органдар мен холдингтердің және жергілікті биліктің арасындағы жұмысты үйлестіруді ұсынып отыр.
Мұндай ұсынысты бүгін Үкімет отырысында аталмыш министрліктің басшысы Әсет Исекешев білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Оның айтуынша, елімізді инновациялық индустрияландыру жоспарын орындау үшін мемлекеттік органдардың, мемлекеттік холдингтердің және өңірлердегі билік органдарының жұмысын үйлестіру қажет. «Сондықтан біз Сіздің тапсырмаңыз бойынша Индустрия және сауда министрлігін институционалдық жағынан нығайту жөнінде ұсыныс енгіземіз», - деді Ә. Исекешев Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовке қаратып айтқан сөзінде. Оның пайымдауынша, қазіргі таңда Индустрия және сауда министрлігі экономикалық сипаттағы мәселелердің ауқымды кешеніне жауап береді. Бұларды тиімді орындау үшін мұндай функцияларда көбінесе өкілеттіктер мен тиісті ресурстар жоқ. «Көріп отырғандарыңыздай, индустриялық-инновациялық қарқынды жүзеге асыруға қажетті негізгі функциялар тиісті ресурстармен және өкілеттіктермен қамтамасыз етілмеген. Осыған байланысты біз Үкіметке тұрғын үй коммуналдық шаруашылық құрылыс мәселесін арнайы құрылған жаңа агентікке, кәсіпкерлік мәселесін Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігіне, кәсіпкерлікті қорғау функциясын тиісті өкілеттігі бар Бәсекелестікті қорғау агенттігіне, ауыл шаруашылығы машинасын жасау мәселесін Индустрия және сауда министрлігіне беруді ұсынамыз», - деді Ә. Исекешев.