Индустрия және сауда вице-министрі аймақтағы инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты
АСТАНА. Наурыздың 5-і. ҚазАқпарат - Индустрия және сауда вице-министрі Ерхат Есқалиев инвестициялық жобалардың аймақта жүзеге асырылу жұмыстарын бақылау мақсатында наурыздың 5-і күні Алматыда болды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Сапар барысында вице-министр Алматы қаласы әкімшілігінің қызметкерлерімен, инвестициялық жобаларды ұсынушылармен және бизнес-қауымдастықтары мен қоғамдық ұйым өкілдерімен жүздесіп, жобалардың жүзеге асырылу жайымен танысты. Сондай-ақ ол Алматыда «Белкамит СП» акционерлік қоғамында болып, онда машинақұрылысы компаниясының өкілдерімен қазақстандық үлесті арттыру мәселесі төңірегінде мәжіліс өткізді. Бұдан кейінгі жиын Алматы қаласының әкімшілігінде өтіп, оған қаладағы кәсіпорындардың жетекшілері мен қоғамдық бірлестік өкілдері қатысты. Онда инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуы мен оған мемлекеттік қолдау көрсету және елдегі өзге де бірқатар салаларды дамыту мәселелерін ортаға салды. Сонымен қатар әкімшілікте өткен жиында елді индустриялизацияландыру картасы, Медеу-Шымбұлақ мәселелері мен индустриялық аймақтарды дамыту проблемасы сөз болды. «Мемлекет шикізаттық емес тауарларды өндіруді дамыту ісіне сондай-ақ инновациялық технологияларды ендіруге үлкен қолдау көрсетеді», деді Е.Есқалиев.
Оның сөзіне қарағанда, 2015 жылға дейін үдетілген - индустриялық-инновациялық дамудың басым бағыты инвестициялық жобаларды қазақстандық үлесін арттыру арқылы жүзеге асыру болып табылады.