Индустрия және жаңа технологиялар министрігі Ұлттық экспорттық стратегияны әзірледі

АСТАНА. 15 қаңтар. ҚазАқпарат - Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі «Kaznex Іnvest» Экспорт және инвестициялар ұлттық агенттігімен бірлесе отырып, ҚР Ұлттық экспорттық стратегиясын әзірледі. Бұл туралы бүгін «Kaznex Іnvest» Экспорт және инвестициялар ұлттық агенттігі төрағасының орынбасары Мейіржан Мәйкенов мәлім етті.

Индустрия және жаңа технологиялар министрігі Ұлттық экспорттық стратегияны әзірледі

Оның айтуынша, 2013 жылдың желтоқсан айында жасалған стратегия елдің индустриялдандыру саясатының екінші бесжылдығының концепциясымен етене жақын етіп жасалды. «Стратегия Индустриялдандыру бағдарламасының екінші бесжылдығы аясында сауда саясатының маркетингтік бағытын айқындайды», - деді ол.

ҰЭС ел экспортына қолдау көрсетудің негізгі шараларына Кәсіпкерлердің ұлттық палатасымен бірлесе отырып, шетелде қазақстандық тауарларға қолдау көрсету желісін құру, экспортшыларға арналған қаржылық қызмет тізімін кеңейту және көліктік-логистикалық қызметтерді жақсарту кіреді.

Стратегия шеңберінде металлургия, көлік құрастыру, химия және тамақ өнеркәсібінің тауарларына экспорттық басымдық берілмек. Сонымен қатар қазақстандық экспорттың өткізілетін негізгі 12 нарығы анықталды. Олар: Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Армения, Әзірбайжан, Грузия, Қытай және оның батысындағы аймақтар, Ауғанстан, Иран және ЕО нарығы.

Аталмыш құжатты дайындау барысында әлемнің 100-ге жуық елінде ұлттық экспорттық стратегияларды құру бойынша тәжірибесі бар Халықаралық сауда орталығының сарапшылары тартылды.