Индустрияландыру арқасында кәсіпорындар төлейтін салық 3 есе көбейген

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2019 жылы индустрияландыру бағдарламасының екінші бесжылдығын іске асыру аяқталды. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Индустрияландыру арқасында кәсіпорындар төлейтін салық 3 есе көбейген

«Индустрияландырудың екінші бесжылдығын жүзеге асыру жылдары өңдеуші өнеркәсіп орындары 45 трлн теңгенің өнімін өндірді. 2019 жылдың қорытындысы бойынша 11,2 трлн. теңгенің өнімі өндірілді», - дейді ҚР Индустрия және инфрақұрылымды дамыту вице-министрі Аманияз Ержанов.

Оның айтуынша, өңдеуші өнеркәсіп экономиканың дамуына үлкен үлес қосады.

«Мәселен, индустрияландыру жылдарында сектор кәсіпорындарынан түскен салық 3 есеге жуық артты. 2009 жылы - 450 млрд теңге болса, 2019 жылы - 1 482 млрд теңгеге дейін өсті», - дейді ол.