Индустрияландыру бағдарламасы аясында шикізаттық емес секторға 30 млрд. доллар тарту қажет - Ә. Исекешев
Оның сөзіне қарағанда, шикізаттық емес секторға шетелдік инвестицияларды тартудың әлеуеті әлі сарқыла қойған жоқ. «Шетелдік инвестициялар өте маңызды. Себебі, ақшамен бірге озық техникалар мен менеджмент келеді, сондай-ақ рыноктар ашылады», деді ол. Бұл ретте министр елімізге шетелдік инвестицияларды тарту мүмкіндігі барын осы жылдар ішінде Алматыдағы өңірлік қаржылық орталық жақсы тәжірибе жинақтағанын атап өтті. Исламдық қаржыландыруды енгізу мәселесі ілгерілеп, Дүниежүзілік банкпен және басқа да қаржы институттарымен белсенді жұмыстар жолға қойылды. Осы орайда Ә. Исекешев Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі «Самұрық-Қазына» қорымен және мемлекеттік органдармен әлемнің 21 еліндегі шетелдік инвесторлармен 150 инвестициялық жоба бойынша жұмыс жүргізіп жатқаннын жеткізді. «Дейтұрғанмен, бұны жеткіліксіз деп санаймыз. Өңірдегі инвестициялық хаб болу мәселесін қою қажет. Сондықтан да өткен аптада Экономиканы жаңғырту жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысының отырысында мақұлданған Индустрияландыру аясында инвестиция тарту жөніндегі бағдарлама өте маңызды болып табылады», деді ол.